Қазақстан алда да халықаралық прогрессивтік бастамаларды қолдап, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікке өз үлесін қоса беретін болады - ҚР Президенті

Казахстан будет и дальше поддерживать прогрессивные начинания и вносить свой вклад в глобальную и региональную безопасность - Президент РК

АСТАНА. 4 қыркүйек. ҚазАқпарат -Бүгін Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар шет елдердің Қазақстан Республикасындағы жаңадан тағайындалған елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Қазақстан Президентіне Словакия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Петер Юза, Грузияның Төтенше және өкілетті елшісі Зураб Патарадзе, Моңғолияның Төтенше және өкілетті елшісі Жагир Сухуээ, Қытай Халық Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Лэ Юйчэн, Финляндия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Илкка Унто Калерво Райсанен сенім грамоталарын тапсырды.

Мемлекет басшысы елшілерді Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық миссияларының басталуымен құттықтап, олардың қызметтері сенім мен өзара түсіністікті нығайтуға, екіжақты ынтымақтастық әлеуетін барынша арттыруға бағытталатынына сенім білдірді.

- Біздің еліміз бүгінде тәуелсіз дамуының маңызды және жауапты кезеңін бастан өткеруде. Өткен жылғы желтоқсанда Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясы қабылданды, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.Казахстан будет и дальше поддерживать прогрессивные начинания и вносить свой вклад в глобальную и региональную безопасность - Президент РК

Қазақстан Президенті халықаралық маңызы бар бірқатар жобалар іске асырылып жатқанын айтты.

- Қазақстанның және оның түрлі құрлықтағы серіктестерінің бірлесе күш салуымен еліміздегі ірі Қашаған мұнай-газ кен орнының өндірістік нысандары іске қосылды. «Қорғас - Жетіген» теміржол құрылысы аяқталды. Еліміздің Ресеймен және Беларусьпен бірге Кеден одағына және Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше болуының арқасында Қазақстан нарығының мүмкіндіктері арта түсуде, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңартылған және баламалы энергия көздерін дамыту үшін Қазақстанға озық технологиялардың тартылуын жаңа экономикалық басымдық ретінде атап өтті.

- Қазақстанның «жасыл экономикаға» өтуінің жаңа тұжырымдамасы бекітілді. Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетін болады, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстанда жүргізілген ауқымды жаңғыртулар экономикалық қана емес, саяси өлшемдерді де қамтитынына тоқталды.

Қазақстан Президенті еліміздің өңірлік және жалпыәлемдік өзекті проблемаларды шешуге белсене қатысатынын атап өтті.

- Оған біздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ), Ислам ынтымақтастық ұйымына (ИЫҰ), Еуразия экономикалық қоғамдастығына (ЕурАзЭҚ), Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ), Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) және Түркі кеңесіне табысты төрағалық еткеніміз дәлел. Біздің еліміз Ауғанстанды қалпына келтіру ісінде әлемдік қоғамдастыққа көмек көрсетіп келеді және Иранның ядролық проблемасын реттеуге үлес қосуда. Қазақстан алда да халықаралық прогрессивтік бастамаларды қолдап, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікке өз үлесін қоса беретін болады, - деді Мемлекет басшысы.

Казахстан будет и дальше поддерживать прогрессивные начинания и вносить свой вклад в глобальную и региональную безопасность - Президент РК

Нұрсұлтан Назарбаев Қытаймен ынтымақтастық біздің еліміздің сыртқы саясаттағы басым бағыттарының бірі болып саналатынын атап өтті.

- Біз бүгін стратегиялық серіктестік рухындағы екіжақты өзара іс-қимыл қарқыны ұдайы артып келе жатқанын көріп отырмыз. Ол ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға алдағы алғашқы мемлекеттік сапарының нәтижесінде жаңаша дамитынына сенемін. Елші мырза біздің халықтарымыз арасындағы сенім мен өзара түсіністікті одан әрі нығайту үшін өзінің күш-жігерін салады деп ойлаймын, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстан Моңғолиямен өзара іс-қимылды жан-жақты дамытуға жете мән беретінін атап өтті.

- Бізде саяси диалог орныққан, ведомствоаралық байланыс пен парламенттік ынтымақтастық дамып келеді. Үкіметаралық деңгейдегі іскерлік байланыстарды жандандыруға күш салу керек. Бұл ретте мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа зор мән беріледі. Моңғолияда шілдеде өткен Президент сайлауының нәтижелері Қазақстан-Моңғолия екіжақты қарым-қатынастарын ілгерілету бағытын жалғастыруға мүмкіндік беретініне сенемін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті біздің еліміз Грузиямен екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға және нығайтуға мүдделі екенін мәлім етті.

- Оның маңызды сауда және саяси серіктес ретіндегі мәртебесін сақтау ниетін көздейміз. Бүгінде екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібінде транзит-көлік әлеуетін дамыту, кең ауқымды шарттық-құқықтық база құру, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар аясын ұлғайту мәселелері тұр, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Финляндия біздің еліміздің Еуропа Одағындағы перспективалық серіктесі ретінде қарастырылатынын атап көрсетті.

- Біз Хельсинкимен тұрақты және сенімді диалог орнатып келеміз. Финляндия Президенті Саули Ниинистёнің Қазақстанға биылғы сәуір айындағы мемлекеттік сапары жан-жақты диалогты тереңдету мақсатын көздейтінімізді көрсетті. Финляндия компаниялары инновацияны дамытуға және жоғары технологияны енгізуге байланысты жобаларға белсене қатысуға мүдделі болып отыр, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы біздің еліміз Словакия Республикасымен өзара тиімді ынтымақтастықты жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүдделі екенін атап өтті.

- Бұл үшін бізде барлық қажетті мүмкіндік бар. Машина жасау, энергетика, көлік және коммуникациялық инфрақұрылымдар, құрылыс, металлургия, химия өнеркәсібі салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру үшін әлеуетіміз жеткілікті. Словакиямен серіктестік қарым-қатынасымыз одан әрі дами түседі деп үміттенеміз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті елшілердің миссиялары маңызды және жауапты екенін атап өтіп, қонақжай Қазақстан жерінде жемісті жұмыс тіледі.

- Сіздердің қызметтеріңіз мемлекеттің жан-жақты қолдау көрсетуімен жүзеге асатын болады. Біз Қазақстанның сіздердің елдеріңізбен сенім, өзара түсіністік, тең құқылық пен достық негізіндегі қарым-қатынастарын нығайта беретін боламыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұқаралақ ақпарат құралдарына арналған брифинг барысында Словакия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Петер Юза екіжақты қарым-қатынастарды сауда-экономикалық өзара іс-қимыл аясын ұлғайтуға бағдар ете отырып жаңа деңгейге шығару күтілетінін атап өтті.

- Егер бұдан 10 жыл бұрын елдеріміз арасындағы тауар айналымының деңгейі шамамен 35 млн. еуроны құраған болса, ал өткен жылы 80 млн. еуроға жақындады. Екі ел арасында экономикалық ынтымақтастық жөнінде үкіметаралық комиссия құрылған, бұл біздің қарым-қатынасымызды одан әрі дамытуға қуатты серпін береді, - деді П.Юза.

Грузия елшісі Зураб Патарадзе өзі үшін Қазақстан сияқты достас және бауырлас елде жұмыс істеу зор құрмет екеніне тоқталды.

- Біздің елдеріміз арасындағы екіжақты қарым-қатынастар қарқынды дамуда, бұл әсіресе экономикалық ынтымақтастыққа да қатысты. Грузияда бірқатар бірлескен жобалармен жұмыс істеп жатқан Қазақстан компаниялары саны жағынан көп. Екіжақты ынтымақтастықты дамыту үшін бізде зор әлеует бар, - деді З.Патарадзе.

Моңғолия елшісі бүгін өзінің бауырлас халықтардың игілігі мен мүддесі жолында екіжақты қарым-қатынастарды орнатуға ресми кіріскенін айтты.

- Біз Қазақстанмен мұнай өңдеу индустриясы, әуе және автожол көлігі, ауыл шаруашылығы тәрізді салаларда ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Біздің халықтарымызды ежелгі тарихи қарым-қатынасымыз байланыстырады, сондай-ақ екі ел арасында көптеген қызмет бағыттары бойынша ықпалдасуымызға мүмкіндік беретін табиғи-климаттық жағдайларымыздың көптеген ортақтығы бар, - деді Ж.Сухуээ.

Қытай Халық Республикасының елшісі ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиньнің атынан Қазақстан Президентіне деген ыстық ықыласы мен ізгі тілектерін жеткізіп отырғанын атап өтті.

- Мен Ұлт Көшбасшысының басшылығымен сіздің ел халқы қол жеткізген жетістіктерге сүйсінемін. Қытай достас көрші ретінде Қазақстанның табыстарына өте қуанышты. Біздің қарым-қатынастарымыз 20 жыл ішінде орнықты және тұрақты түрде, екі ел халқына зор пайдасын тигізе отырып, дамып келеді. Сонымен қатар, таяу күндері ҚХР Төрағасы Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапарымен келеді. Бұл біздің қарым-қатынастарымызды нығайтуға қуатты серпін беретін өте маңызды оқиға болмақ. Өз кезегінде мен стратегиялық және жан-жақты серіктестікті одан әрі нығайту үшін қолымнан келетіннің бәрін жасайтын боламын, - деді Л.Юйчэн.

Финляндия елшісі Иллка Райсанен Финляндия Президенті С.Ниинистёнің Қазақстанға сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру үлкен міндеті болып табылатынын атап өтті.

- Бүгінде Қазақстан - әлемдегі экономикалық өсімі жағынан ең қарқынды елдердің бірі. Астананы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізетін болғанымен құттықтағым келеді. «Болашақтың энергиясы» тақырыбы бүкіл әлемде өте өзекті. Қазақстан «жасыл экономика» саласындағы ізашар ретінде көшбасшылық рөл атқаратын болады. Біздің елдеріміз арасындағы екіжақты қарым-қатынастар дұрыс бағыттармен жылжи отырып дамып келеді. Менің міндетім - осы процесті қамтамасыз ету, - деді И.Райсанен.

Загребте ядролық сынақтарға қарсы күнге арналған конференция өтті

Загребте ядролық сынақтарға қарсы күнге арналған конференция өтті

АСТАНА: 30 тамыз. ҚазАқпарат - Хорватияның астанасында «Тұрақтылық, қауіпсіздік және бейбітшілік» деген тақырыпта халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күніне және Семей ядролық поигонының жабылғанына 22 жыл толуына арналған халықаралық конференция өтті.

Конференцияны ұйымдастырушылар ҚР-ның Хорватиядағы елшілігі мен Загребтегі Д.Хаммершельд атындағы халықаралық қатынастар мен дипломатия жоғары мектебі, деп хабарлады елшіліктің баспасөз қызметі.

Конференцияны ашқан белгілі ғалым-физик, Хорватия Пагуош комитетінің президенті, академик Ивол Шлаус жер бетінде ядролық қауіпті сейілтуде әлемдік қауымдастықтардың бірлесіп күш біріктіруі мен практикалық әрекеттерінің маңыздылығын атап өтті. Өз сөзінде ол Қазақстан Республикасының осы жолда өзгелерге үлгі болатынын, соның ішінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ғаламдық қарусыздандыру мен таратпаудағы зор еңбегін атап өтті.

Хорватияның бұрынғы президенті Степан Месич аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті қолдаудағы Қазақстанның белсенді әрекетін атап өтті. Ядролық қарудан ерікті бас тарту, Орталық Азияда ядросыз аймақ құрылғаны, сонымен қатар, Қазақстан басшысының Вашингтон мен Сеулдегі БҰҰ аясындағы ядролық қауіпсіздік саммитіндегі бастамалары, ЕҚЫҰ және басқа халықаралық ұйымдар ядролық қарусыз әлем идеясының алға жылжуына себеп болды.

ҚР-ның Хорватиядағы істері уақытша сенімді өкілі Т.Барлыбаев ядролық қауіпсіздік саласындағы ұлттық шаралар кешенінің кеңдігін, Астананың ядролық қаруға қарсы бастамаларын, Қазақстанның жаппай қару-жарақты жою ғаламдық «G-8» серіктестігіне қатысқанын баяндап берді. Сонымен қатар Астананың бастамасымен қолға алынған «АТОМ» ғаламдық жобасы таныстырылды.

Хорватия ғалымдары, саясаткерлері мен дипломаттары өз сөздерінде Қазақстанның ядролық қауіпсіздік саласында әлемдік қоғамдастықтармен ынтымақтастығы әлемнің өзге елдеріне үлгі екенін атап өтті. Конференция аясында Семей ядролық полигонындағы сынақтың зардаптары туралы деректі фильм көрсетілді.

Қазақстан Семей ядролық сынақ алаңындағы сынақтарды тоқтату арқылы бүкіл әлемге үлгі боларлық жолды таңдады - Муна Махамрэ

Қазақстан Семей ядролық сынақ алаңындағы сынақтарды тоқтату арқылы бүкіл әлемге үлгі боларлық жолды таңдады - Муна Махамрэ

АСТАНА. 29 тамыз. ҚазАқпарат - Әлемдік державалардың көпшілігі қару-жараққа жұмсалған шығындарды есептеумен шұғылданып жатқанда, Қазақстан өзіндегі ядролық сынақтар алаңдарын жауып, ядролық және басқа да жаппай қырып-жою қаруларынан азат тыныштықты жақтайтын бейбіт мемлекет құруда.

Бұл туралы Иордания Хашимит корольдігінің қоғам қайраткері, көсеммсөзші, «Ядролық қарусыздандыру парламенттік бірлестігінің» араб елдері бойынша Бас үйлестірушісі Муна Махамрэ ханым айтты, деп хабарлады Қазақстанның Иорданиядағы елшіңлігінің баспасөз қызметі.

Ядролық қаруды көрші елдерді қорқыта отырып6 оларға ықпал ету үшін пайдалану мен бейбіт өмірге иек арта, ядролық арсеналдан бас тарту туралы шешім қабылдаудың арасын анықтау өте күрделі. Алайда Қазақстан осы тұрғыда, әлемдегі ірі төртінші ядролық қару-жарақ арсеналынан бас тартумен қатар, Семей ядролық сынақ алаңындағы сынақтарды тоқтату арқылы бүкіл әлемге үлгі боларлық жолды таңдады.

Өзінде бар ядролық қарудан бас тарту шешімін қабылдау мейлінше қиын екеніне ешқандай шүбә келтіруге болмайды. Осы ретте, географиялық тұрғыда орасан ядролық мүмкіндігіне ие Ресей және Қытаймен ортақ шекарасы бар Қазақстан үшін мұндай шешім қабылдау оңай болмағаны анық. Алайда, мен бұл шешімді келешек ұрпақтың тұрақтылығы пен бейбіт өмірі үшін, олардың болашағын ойластырған батыл да көреген қадам деп қабылдаймын.

Қазақстан тұрақтылықты орнатуға қажетті осы шешімдерді қабылдап қана қоймай, тыныштықты жақтайтын ел ретінде ядролық қару-жарақтан бас тарту мен ядролық сынақтарды болдырмау жолында аймақтық және әлемдік деңгейде белсенділік танытуда. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік лидерлер мен әскерилер, парламентаршілер мен азаматтық қоғамның белсенділері алдында ядролық арсеналға иеленудің тиімсіздігі туралы халықаралық мінберлерден жасаған баяндамалары осының бірден-бір дәлелі болса керек. Қазақстан Президенті өз сөзінде ядролық арсеналдың қауіпсіздікті қамтамасыз етуде тиімділігі мол деген пікірлер қате түсінік екенін және Қазақстанның қуаты жөнінен әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартуы елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты орнатуға септігін тигізгенін атап өтті.

Ядролық зұлматтың әсерінен жақындарынан айырылғандар мен нәрестелердің кемтар болып туылуы сынақтар әсерінің күшті болғанына көз жеткізеді. Сонымен қатар, суретші қазақ баласы Күйіковтың тағдыры мен оның АТОМ жобасының Құрметті Елші ретінде жасаған баяндамасы мені терең толғандырды: «Сіздерді құшақтайтын қолым болмаса да, сіздерге және отбасыларыңа бейбітшілік тілейтін жүрегім бар», - деген болатын ол. Қолсыз туылған Кәріпбек Күйіков ауызымен сурет салады. Оның суреттерінде Кеңес Одағы Семейде жүргізген ядролық сынақтардың салдарынан орын алған орасан апат көрсетілген. Аймаққа келтірілген зиянның көлемі нәтижесінде бір жарым миллион адам құрбан болған жапондық Хиросима және Нагасаки қалаларына тасталған бомбалардың көлемімен шамалас болып келеді.

Біздің досымыз Кәріпбек Күйіков сияқты мен де ядролық қарусыз әлемді армандаймын. Менің елім Иордания ұстамды саясатты жүргізеді, бейбітшілікке бой ұрып, халықаралық келісімдердің міндеттемелерін үнемі орындап отыратын елдердің қатарына кіреді. Алайда, қолында 500 ядролық оқтұмсықтары бар елмен шекаралас болуымыз, сондай-ақ шығыс шекарамызда Иракпен, ал ол өз кезегінде ядролық бағдарламасын жетілдіруге тырысқан Иранмен көршілес болуы біздің бейбітшілікке деген ұмтылыстарымызға ерекше әсер етеді. Яғни саяси шиеленісу жағдайы үнемі сақталуда. Келешекте Таяу Шығыс аймағы жанартаудың кратеріне айналуы әбден мүмкін. Ал Израиль мен Иран ядролық қаруды қолдану айбаттарын жүзеге асырған жағдайда, осы жанартаудың атқылауы ықтимал.

Мен, Парламентшілердің ядролық сынақтарды тоқтату және ядролық қарусыздандыруды қолдау одағының (Parliamentarians for Nuclear Non-Proliferation and Disarmament) араб мемлекеттері бойынша үйлестірушісі және Таяу Шығысты ядролық қарудан босату жөніндегі бастаманың консультативтік комитетінің мүшесі ретінде Қазақстанның осы мәселені шешу бағытындағы жұмысы жарқын үлгі болып келетінін атап айтамын. Ядролық қаруға тыйым салуға шақыруда көптеген парламентшілердің қолдауымен қамтамасыз етуде Астананың бұл орайда бізге көрсеткен қолғабысы зор болды.

«Ядролық қарусыздандыру үшін парламенттік бірлестігі» бүгінгі таңда әлемнің 75 елінен 800-ден астам парламентшіні біріктіреді. Бұл Ұйымның мақсаты ядролық қаруды таратпау және қарусыздандыру жөніндегі ортақ мүддеге әлем парламентшілерінің күшжігерін жұмылдыруға бағытталған.

Шыңжаңда III халықаралық «Қытай-Еуразия» ЭКСПО көрмесі ашылды

Шыңжаңда III халықаралық «Қытай-Еуразия» ЭКСПО көрмесі ашылды

ҮРІМШІ. 3 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономдық өлкесінің әкімшілік орталығы Үрімші қаласында Үшінші «Қытай-Еуразия» ЭКСПО халықаралық көрмесі басталды.

ҚХР төрағасының орынбасары Ли Юаньчао 7 қыркүйекке дейін жалғасатын «Қытай-Еуразия» ЭКСПО көрмесін ресми түрде ашты. Халықаралық көрме аясында қатысушы елдердің инвестициялық және көлік-логистикалық таныстырылымы, сауда-экономикалық форум, Шанхай ынтымақтастық ұйымының іскерлік форумы және бірқатар мәдени шаралар өтеді.

Халықаралық көрмеге 49 елден (соның ішінде Қазақстан да бар) 1500-ден аса кәсіпорын, 6 халықаралық ұйым және 10 трансұлттық корпорация қатысуда. Көрме қорытындысы бойынша жалпы сомасы 9,24 млрд. долларға келісімшарттарға қол қойылады деп күтілуде.

Алғашқы «Қытай-Еуразия» ЭКСПО халықаралық жәрмеңкесі 2011 жылдың қыркүйегінде Үрімшіде өткен болатын. Қытай статистикалық мәліметтеріне қарағанда 2012 жылы ҚХР-дың Орталық Азияның бес елімен сыртқы сауда айналымы едәуір ұлғайған. 1992 жылы ол көрсеткіш 460 млн. АҚШ доллары болған болса, өткен жылы 45,94 млрд. АҚШ долларына жеткен.

Жапонияда 27 мыңнан астам адам тамыз айында ыстықтан ауруханаға жатқызылды

Жапонияда 27 мыңнан астам адам тамыз айында ыстықтан ауруханаға жатқызылды

АСТАНА,  3  қыр –Қазақстан жаңалықтары АА. Жапонияда 27 мыңнан астам адам тамыз айында ыстықтан ауруханаға жатқызылды деп хабарлайды сейсенбіде Жапонияның өрттен қорғау басқармасы.

2010 жылғы тамызда ауруханаға жатқызылғандар саны шегіне жетті, олардың саны 28 мыңнан астам адамды құраған болатын.

Ағымдағы жылғы тамызда Жапонияның бүкіл аумағында Цельсий бойынша 35 градустан жоғары ыстық болды. Өңірлердің көбінде термометр бағанасы  40-градусқа дейін жетті, бірқатар қалаларда температуралық  рекордтар жаңартылды.

                          

 

// Жаңалықтар // Жарияланымдар // Кері байланыс // Байланыстар: Астана, Алматы